АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина Токио WTA 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 30-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен кездесті.
Ресейлік спортшы 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина 7 эйс жасағанымен, 3 брейк-пойнтын пайдалана алмады. Қарсыласы 6 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды.
Л.Самсонова екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 78-орында тұрған қытайлық Синью Ванмен ойнайды.
Жүлде қоры 757,9 мың АҚШ долларына бағаланған Токио додасы 25 қыркүйекте аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда паратеннистен алғашқы ел чемпионатының жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).