НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 56-ракеткасы, 2019 жылғы US Open чемпионы, канадалық Бьянка Андреескумен кездесті.
Е.Рыбакина бірінші партияда 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші сетте тай-брейкте матчболын сәтті пайдалана білді – 7:6 (7:5).
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсекеде Елена 4 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді.
Е.Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 52-ракеткасы, қытайлық Синвэнь Женмен таласады. Ол бельгиялық Гретье Минненді жолдан тайдырды – 6:4, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шыққанын, қазақстандық теннисшінің жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Уимблдон жасөспірімдер турнирінде тағы бір қазақстандық теннисшіөнер көрсетеді.
Қазақстандық жас теннисші Уимблдонда алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).