АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдонда жартылай финалға шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 6-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездескен, есеп тең еді - 2:2.
Бұл жолы бірінші партияда теннисшілер екі-екіден брейк жасады. Тай-брейкте қазақстандық спортшы басымдылық танытты - 7:6 (7:5).
Алайда екінші сет соңына таман Онс Жабер күш алып кетті - 6:4, 6:1.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина 7 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 5 брейкпен көзге түсті.
Онс Жабер финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен таласады. Ол дүниежүзілік рейтингте 18-орында тұрған америкалық Мэдисон Кизді қапы қалдырды - 6:2, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).