НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елена Рыбакина бүгін жаңартылған WTA рейтингінде үздік отыз теннисшінің қатарына кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рейтингте 36-орыннан 30-орынға көтерілген Е.Рыбакина Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды.
Бұл – 20 жастағы Е.Рыбакинаның өз спорттық жолындағы ең үздік көрсеткіші.
Е.Рыбакина енді Хобарт (Аустралия, жүлде қоры 275 мың АҚШ доллары) турнирінде ойнайды. Оның қарсыласы – әлемнің 69-ракеткасы, словениялық Тамара Зиданшек.
Қазақстанның бұрынғы бірінші ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 32-орыннан 37-ге сырғыды. Ол Аделаида (Аустралия, жүлде қоры – 848 мың АҚШ доллары) турнирінің іріктеу сайыстарынан сәтті өткенімен, бүгін алғашқы айналымда әлемнің 52-ракеткасы, аустралиялық Айла Томляновичтен 6:7 (4:7), 2:6 есебімен жеңіліп қалды.
Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс рейтингте 75-тен 73-сатыға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Аустралиядағы турнирді сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).