АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина жұптық сында Аделаида-2 (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге бастапқы кездесуін румыниялық Ана Богдан – ресейлік Ангелина Габуевамен өткізді.
Қазақстандық-ресейлік жұп бірінші партияда тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:5). Екінші сетте олар қарқынын үдетті – 6:2.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова 4 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. А.Богдан – А.Габуева 3 эйс жасағанымен, брейкке қол жеткізе алған жоқ.
Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова жартылай финалға шығу үшін америкалық Николь Меличар-Мартинес – аустралиялық Саманта Стосурмен таласады.
Е.Рыбакина жекелей сында чехиялық Петра Квитоваға есе жіберген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Тимофей Скатовтың іріктеу сайысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).