АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Аделаида-2 (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге ширек финалда америкалық Николь Меличар – аустралиялық Саманта Стосурмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-ресейлік дуэт 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта олар 8 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді.
Е.Рыбакина – А.Павлюченкова ірі жарыстың финалына шығу үшін украиналық Людмила Киченок – латвиялық Елена Остапенкомен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Аделаида турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Аустралия ашық чемпионатында іріктеу сайысының жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисшілер Australian Open турнирінде өнер көрсетеді.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).