Елена Рыбакинаның Аделаида турниріндегі қарсыласы анықталды
Дүниежүзілік рейтингіде 21-орында тұрған Елена Рыбакина 2 қаңтар күні әлемнің 14-ші, осы жарыстың 5-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен кездеседі. Бұл – еліміздің бірінші ракеткасы Е. Рыбакинаның жаңа жылдағы алғашқы матчы болмақ.
Доданың бірінші және екінші ракеткалары, тунистік Онс Жабер мен Беларусь өкілі Арина Соболенко турнирді екінші айналымнан бастайды.
Қазіргі кезде Аделаидада іріктеу сайыстары өтіп жатыр.
Өткен жылы осы жарыста Елена Рыбакина финалға дейін жетіп, онда сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартиге 3:6, 2:6 есебімен есе жіберген еді. Э. Барти 2022 жылы спорттық мансабын аяқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис құрамасының United Cup командалық турниріне қатысып жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, қазақстандық теннисші ATP Challenger маусымы бойынша ерекше марапатқа ие болды.
United Cup турнирінде Қазақстан - Польша матчында Тимофей Скатов таразы басын теңестірді.