АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакинаның Дубай WTA 1000 турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы ірі жарыстың 9-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған 2019 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы, канадалық Бьянка Андреескумен шеберлік байқасады.
Оны ұтқан жағдайда америкалық София Кенин немесе чехиялық Мария Боузкованың біреуімен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 43-орындағы Юлия Путинцеваның қарсыласы – әлемнің 30-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартич. Одан өтсе, тағы бір чехиялық Петра Квитова немесе италиялық Мартина Тревизанның біреуімен ойнайды.
Жүлде қоры 2,8 млн-ға жуық АҚШ долларын құрайтын Дубай жарысы 19-25 ақпан аралығында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің ATP жарыстарының жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).