АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакинаның Майами WTA 1000 турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мастерс жарысының 10-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасады.
А.Калинская алғашқы айналымда рейтингте 171-сатыдағы Андорра өкілі Виктория Хименес-Касинцеваны 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған Майами додасы 2 сәуірге дейін созылады.
Өткен жылы Польша өкілі, әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек чемпион атанса, Елена Рыбакина үшінші айналымға дейін жеткен болатын.
Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик осы Майами мастерс турнирінде бастапқы кездесуін рейтингте өзінен екі саты төмен тұрған америкалық Джеффри Джон Волфпен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпиоонаында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының плей-офф кезеңіне шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Майами турнирінің бірінші матчында жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).