Елге инновациялық қызметтің серпілісі керек - Қазақстан Президенті

АЛМАТЫ. Қазанның 13-і. ҚазАпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Қолда бар ресурстарды барынша пайдалану үшін технологиялар, ноу-хау керек.

Экономикалық пайда әкелмейтін ғылыми-техникалық прогрестің пайдасы жоқ. Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетінде дәріс оқыған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы инновация - әрқашан да тауар өндірісінің арта түсуіне, табыстың шұғыл ұлғаюына және бәсекеге қабілеттілікке әкелетін идеялар мен бизнестің тоғысуы, деп атап өтті. «Біздің елімізге инновациялық қызметтің жаңа толқыны қажет. Бизнес келешегі мол жобаларды іздеуі тиіс. Дамыған елдерде шағын бизнес барлық инновациялардың 50 пайызын және жұмыс орындарының 70 пайызын қамтамасыз етеді. Инновациялық идеяларды жеткізушілер, инновация жасампаздары - ол мейлі компаниялар, жеке ғалымдар болсын, - олар бүгінгі күннің басты қаһармандары болуы тиіс, бұқаралық ақпарат құралдары оларды жазып, дәріптеп отыруы тиіс, оларды марапаттап отыру қажет», - деді Н.Назарбаев.