«Елге көмек» қайырымдылық қорының сотында букмекерге жасалған төлемдер көрсетілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алмалы аудандық сотында Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтті.
«Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Сариев пен «MM Travel» туристік компаниясының басшысы Дүйсееваға Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылған.
Бүгінгі сот отырысында Ақтоты Дүйсееваның телефоны әкелініп, оның Kaspi.kz қосымшасы зерттелді. Айыпталушы төлемдер бөлімінен 1хВет букмекерлік компаниясына 2024 жылдың 22 маусымында 500 мың теңге, 26 маусымда 200 мың теңге, 30 маусымда 900 мыңға жуық теңге төленгенін көрсетті. Соңғы төлем 2024 жылдың 14 шілдесінде 700 мың теңге көлемінде жасалған.
Судья Ақтоты Дүйсеевадан екінші айыпталушы оның шотынан 2025 жылы нақты қандай іс-әрекеттер жасағанын сұрады. Алайда Дүйсеева өз шотында 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында Сариев жасаған төлем мен аударымдарды көрсете алмады.
— 2023-2024 жылдары кассалық алшақтық пайда болды. Сондықтан бір түскен ақшамен екіншісін жауып отырдым, — деп жауап берді Дүйсеева.
Судья іс 2025 жылғы арыз-талап бойынша қаралып жатқандықтан, оған дейінгі әрекеттер іске тіркеле алмайтынын айтты. Алайда «MM Travel» туристік компаниясының басшысы ретінде Дүйсеева 2023-2024 жылдары ұрланған ақша болса, оған бөлек арыз түсіруіне болатынын түсіндірді.
Бұған дейін сотта жәбірленушілер қажылыққа берген қаражатты қайтаруды талап етті. Тағы бірнеше жәбірленуші Сариев науқас балалардың отбасынан миллиондар алғанын айтты.
Сотта айыпталушы Ілияс Сариев өзі де жауап берді. Ол өз айыбын ішінара мойындады.
Ал Ақтоты Дүйсеева сот отырысында Ілияс Сариевке айып тақты. Ол «Елге көмек» қорының басшысы құмар ойындарға әуес болғанын айтты.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.