«Елге көмек» қорының соты: айыпталушы Ілияс Сариев жауап берді

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өзін «Қазақтың Робин Гуды» деп атайтын «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариевке және Ақтоты Дүйсееваға қатысты кезекті сот процесі өтті.

Екі айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы («Аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша айып тағылып отыр.

Бүгін сот Ілияс Сариевтен жауап алды. Ол өз айыбын ішінара мойындады.

Айтуынша, қайырымдылық жасап жүріп ол науқас балалардың туыстарынан және көмекке мұқтаж отбасылардан еңбекақы алған.

– Бұрын менен қайырымдылыққа шот ашып беруді сұрағанда тегін істейтінмін. Бірақ менің де шығындарым бар: блог жүргізу, бейнетүсірілім, сапар, мобилограф қызметі, әрі өз турфирмамды ашуға қаражат қажет болды. Сондықтан шығындарды жеке қалтамнан жаба алмадым, сондықтан жәбірленушілерден ақша сұрадым, – деді сотталушы.

Прокурордың «неге қызмет үшін ақы алғандардың бейнежазбаларын жариялап, қор ашпадыңыз» деген сұрағына Ілияс Сариев парақшасында белсенділік төмендегендіктен қаралымды қайта көбейткісі келгенін және қасиетті Рамазан айын күткенін айтты.

Айыпталушы ақшаны тек қор ашуға алып, қажетті шығындарын жабуға жұмсағанын және адамдарды алдау ниеті болмағанын жеткізді.

– Иә, мен олардан ақша алдым. Бірақ жалғыз мақсатым – көмектесу еді, пайда табу немесе алдау емес. «Қазақ Робин Гуд» деген атауды маған «Сәт» мешітінің бас имамы берген. Сол есімге сай болуға тырыстым. Шамамен 70 отбасы баспаналы болды. 203 адам менің көмегіммен ұмра және қажылыққа барды. Көптеген балалар емделіп шықты, ата-аналар қуанды. Бірақ мені сотта ешкім қолдауға келмегені жанымды ауыртады, – деді айыпталушы.

Туристік фирмадағы қызметі

«MM Travel» туристік фирмасындағы қызметіне қатысты Ілияс Сариев 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың қазанына дейін компания басшысы Ақтоты Дүйсеевамен серіктес болғанын айтты. Ол блогер ретінде маркетингпен айналысып, жарнама жасап отырған. Ай сайын шамамен 1 млн теңге табыс тапқан. Айтуынша, басқа турфирмалармен де жұмыс істеген.

2025 жылдың сәуіріне дейін «MM Travel» қажылық сапарларды ұйымдастырып, жұмысында ешқандай қиындық тіркелмеген.

– Биыл 5 сәуірде мен өзім қажыларға қоңырау шалдым. Себебі 7 сәуірге жоспарланған сапар болмай қалды. Ол кезде мен «MM Travel» компаниясында жұмыс істемейтінмін. Бірақ Ақтоты Дүйсееваның өтініші бойынша жағдайды түсіндіруге келістім. Компанияның жұмыс телефонынан хабарласып, турфирма менеджері ретінде сөйлестім. Сапарды басқа күнге ауыстыруға көндіруге тырыстым. Маған басқа күнге бронь жасалғанын айтты. Өзімнің адал атымды сақтау үшін көмектестім, өйткені бәрі әлеуметтік желілерде мені таниды, – деді ол.

Оның сөзінше, қажылыққа сапар сатып алған азаматтардың ақшасына қатысы жоқ, туристерден ешқандай қаражат алмаған.

Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталды.

Кейін Алматы сотында «Елге көмек» қорына қатысты іс қарала бастады. Сотта мемлекеттік айыптаушы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды.

Сотта куәгерлер Ілияс Сариевке көмек үшін миллиондар бергенін айтты.