— Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары екі жүк көлігіне ветеринариялық тексеру жүргізу барысында ветеринариялық-санитариялық заңнаманың талаптары бұзылғанын анықтады. Атап айтқанда, жүкті сүйемелдейтін міндетті ветеринариялық құжаттардың жоқтығы тіркелді, бұл — қолданыстағы ережелердің тікелей бұзылуы. Сонымен қатар, аталған өнімге уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты оны әкелуге тыйым салынған, — делінген АШМ хабарламасында.
Тексеру нәтижелері бойынша, жүк тиелген көліктер Қазақстан Республикасының аумағынан кері қайтарылды. Ветеринариялық заңнаманы бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен мемлекеттік шекара арқылы өнімдерді тасымалдау кезінде ветеринариялық бақылау-өткізу бекеттерінде ветеринариялық талаптардың бұзылуы бойынша 377 жағдай тіркелді. Өткізілген тексерістердің нәтижесінде 163 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 7,6 млн теңге айыппұл салынды.
Айта кетелік Қазақстан бидайы Вьетнамға экспортталатыны туралы жазған едік.