Елге жіберіліп отырған гуманитарлық көмек Қырғызстанның оңтүстігінде «біреудің есебінен күн көріп отырғандай» сезім тудыруда

БІШКЕК-ОШ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Ұзақ уақыт бойы және тұрақты түрде жіберіліп отырған гуманитарлық көмек Қырғызстанның оңтүстігінде «біреудің есебінен күн көріп отырғандай» сезім тудыруда.

Бұл туралы Қырғызстанның Ош және Жалалабад қалаларын қалпына келтіру мен дамыту жөніндегі мемлекеттік дирекциясының бас директоры Жантөре Сатыбалдиев Ош қаласында халықаралық ұйымдардың гуманитарлық көмек туралы өткізген үйлестіру отырысында мәлім етті.

Оның айтуынша, гуманитарлық көмекке деген негізгі тапшылық 2010 жылдың маусым, шілде, тамыз айлары мен қыс алдында болған. «Жедел түрде азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық қажетті заттарды жеткізу жолы арқылы зардап шеккендер мен әлеуметтік жағдайы қиын отбасылардың тұрмысының қиындап кетуіне жол берілмеді», - деді ол.

«Шиеленістен кейінгі жағдайда әлеуметтік қауырттылыққа жол бермеуге мүмкіндік берген дер кезіндегі гуманитарлық көмектің жақсы әсерін айта келіп, нәтиженің екінші тұрғысынан қарауға да тура келеді. Осыған байланысты ұзақ уақыт бойы және тұрақты түрде жіберіліп отырған гуманитарлық көмек адамдар арасында біреудің есебінен күн көру, қолдауға тәуелділік сезімін тудыруда. Адамдар тегін көмекке үйреніп, өз өмірлерін жақсарту мақсатында күш-жігерлерін жұмсауды доғаруда, донорлардан азық-түлік пен қажетті көмек аламыз деген сенімділік болғандықтан, жұмыс істеп, өзін асыру үшін ақша тапқылары келмейді», - деп түсіндірді Ж.Сатыбалдиев.