***
«Кеше Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Алаштың ардақтысы, халқымыздың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысып, есімі елге қадірлі ерен тұлға хақында аса ілтипатты сөз толғауы - осынау алқалы жиынның мән-маңызын ерекше асқақтата түскені сөзсіз», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Елі барда ер елеусіз қалмайды» деген тақырыптағы мақаласында. «Дінмұхамед Ахметұлын үлкен ішкі мәдениеті, терең білімдарлығы мен мол өмірлік тәжірибесі ерекшелеп тұратын. Ол өзіне біздің халқымыздың, сол уақыттағы қазақ зиялыларының ең жақсы қасиеттерін сіңіре білді», - деп атап өткен алқалы жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Жаңаөзен қаласының жағдайы күн санап қалыпқа түсе бастағандай. Ең бастысы, қаланың келешегі жайлы кешенді жоспарлар жобасы өмірге келе бастады. Ол туралы облыстық әкімдікте Үкіметтік комиссияның төрағасы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Өмірзақ Шөкеев өткізген кеңесте кеңінен сөз болды. Яғни, Үкіметтің өткен жылдың желтоқсан айының аяғында қабылдаған Жаңаөзенді дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары тағы да пысықталды. Ол бойынша 26 инфрақұрылымдық жоба - мектеп, емхана, балабақшалар, халыққа қызмет көрсету нысандары салынады. Солар арқылы ғана әлеуметтік сала қызметкері үшін 1 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары ашылады. Өндіріс саласында да жаңа кәсіпорындар іске қосылмақшы. Бұл жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Жаңаөзен: жұмыс жандануда» деген тақырыптан біле аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының докторы, профессор Тоқтасын Мендебаевпен арадағы сұхбат «Техника саласында қазаққа тиесілі бір дүние болуы керек» деген тақырыппен жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Жер әлемде «Мерседес» десе немістер, «Тойота» десе жапондар есімізге түседі. Қазаққа тән брендтік, өзіндік ерекшеліктер де бар. Оны жоққа шығармаймыз. Алайда осы техника саласында қазаққа тиесілі бір дүние болуы керек деп есептеймін. Бір ғана өнім болса да. Тіпті сол өнім елдің индустриалды иммунитетін көтеріп әкетуі де ғажап емес», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше еліміздің Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов ЕҚЫҰ ПА байқаушылар миссиясының басшысы, ЕҚЫҰ ПА-ның құрметті президенті Ж.Соарешпен, ЕҚЫҰ ПА Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының сайлауларды байқау жөніндегі жеке өкілі К.Кильюненмен және ЕКПА парламенттік сайлауларды байқау жөніндегі миссиясының жетекшісі Э.Пападимитриумен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанда ашық және әділ сайлау өткізу үшін барлық қажетті шаралардың қарастырылғандығын жеткізді. Мәселен, басылымның атап өтуінше, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар миссиясының басшысы, ЕҚЫҰ ПА-ның Құрметті президенті Ж.Соарешпен болған жүздесуде сайлау тақырыбы ерекше қозғалған.