деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан өз тәуелсіздігі барысында ядролық қарудан бас тартып - ұлы шешім қабылдады. Мұны әлем елдері ұмытпайды. Бірақ, бұндай ұлық ісімізге кейбір майда-шүйде дүниелер зиянын, нұқсанын келтіріп жатқандай. Мәселен, өткен жолы бәзбір арандатушылардың ұйымдастыруымен әлемге жалған ақпарат таратылды (уранға қатысты -ред.). Бұдан бөлек қару-жараққа қатысты да Қазақстанның абыройына нұқсан келетін әңгімелер (Тайландта ұсталған ұшқыштарға қатысты - ред.) халықаралық деңгейде айтылып жатыр. Жалпы, Қазақстан әлемнің алдында ядролық қарудан бас тартқаннан кейін сол қалпында адал, сөзіне берік - «Бейбіт Қазақстан» атағын қорғап қалуды жолға қойып, осы үшін тиісті қадағалау шараларын атқаруы тиіс», деді сенатор.
Сонымен бірге, Өмірбек Байгелді атом энергетикасын бейбіт мақсатта тиімді игеру мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, болашақ дамуды толық қамтамасыз ету мақсатында қазіргі күні елімізде атом энергетикасына үлкен бетбұрыс жасалуы шарт. «Енді біраз жылдардан соң әлем бойынша атом энергиясына деген сұраныс арта түседі деген нақты болжамдар бар. Бұған Қазақстан әзірден бастап қамдануы шарт. Қазақстан бүгінгі күннен бастап өз жерінде шығатын атом энергиясы көздердің барлығына дұрыс басқаруды қолға алуы қажет. Ондай кен көздеріне басқа біреулерді ортақтастырмай, сырттағыларды киліктірмей, бөліспей игерлілуі керек. Бұл саланы мемлекеттік монополиялық меншікте сақтап, қатты қадағалап қолға алу қажет», деді депутат.