Еліміз студенттерінің саны - 629,5 мың

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат -Қазір елімізде 143 жоғары оқу орны бар.

Ондағы студенттер контингенті 629,5 мың адамды құрап отыр.  Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, егер әлемде орта есеппен алғанда 10 мың адамға 232 студенттен келсе, Қазақстанда бұл 377 студентті құрайды. «Біз бұл көрсеткішпен АҚШ, Ресей және тағы басқа бірнеше елден кейінгі әлемдегі бірінші ондықтамыз. Алайда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының көптеген дамыған елдерінде бұл сандар басқаша. Мәселен, Жапониядағы көрсеткіш 222, Германияда - 285 адамды құрайды. Сондықтан да, экономиканы қажетсіз кадрлармен толтыра бермес үшін жоғары оқу орындарының желісін оңтайландыру қажет.  Бұл Елбасының тікелей тапсырмасы» - деді Б. Жұмағұлов.