Еліміз жаңа саяси жүйеге көшіп жатыр – мәслихат депутаты Владимир Витченко

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, «Бүкілқазақстандық Киокушинкай Карате ұйымы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры, каратеден жаттықтырушы Владимир Витченко алдағы Президент сайлауына зор үміт артып отыр. Депутат елде көптеген оң өзгеріс болып жатыр, нәтижесін алдағы екі-үш жылда көре бастаймыз деген пікірде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауын 20 қарашаға бекітті. Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Владимир Витченконың айтуынша, Президентті 7 жылға ғана сайлау жөніндегі шешімнің көптеген оң тұсы бар, мәселен, Президенттіктен үміткер өзінің бір мерзімге ғана сайланатынын біледі, осы аралықта ол өз жұмысын көрсетіп, еліміздегі жағдайды жақсы жаққа өзгертуі тиіс.

«Жеті жыл жеткілікті, осы аралықта ол сайлауалды бағдарламасын жетілдіріп, тағы бір-екі жылын оны іске асыруға жұмсаса, қалған жылдары оның нәтижесін көре алады. Президент бір ғана мерзімге сайланатындықтан осы аралықта ел игілігіне бар күшін жұмсауға тырысады. Сәйкесінше, 20 қарашада болатын Президент сайлауына түсетін әр үміткерге зор жауапкершілік артылып отыр. Ал президенттің өкілдігі бітісімен ол ҚР Конституциясына сәйкес, елге пайдасын басқа лауазымда, мәселен Президенттің кеңесшісі болып тигізе алады.


Президенттің халыққа соңғы үндеуі биыл болған конституциялық реформаның тиісті деңгейде жүзеге асырылуына қатысты. Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өтті. Нәтижесінде Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізілді. Осылайша халыққа мейлінше еркіндік беріліп, демократия мен заң үстемдігі күшейтілді. Еліміз жаңа саяси жүйеге көшіп жатыр», - дейді Владимир Витченко.

Депутаттың айтуынша, Президент сайлауы өтісімен Парламент Мәжілісі, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.

«Оған тек партия мүшелері ғана емес, өзін-өзі ұсынушылар да қатыса алады. Бұл елді демократияландыруда жақсы нәтиже берері сөзсіз. Халық өз пікірін ашық айтуға мүмкіндік алады, нәтижесінде «еститін» мемлекетке айналамыз», - дейді Владимир Витченко.