Елімізде 11 әуежай қайта жаңғыртылады - ҚР ККМ

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - 2017 жылға дейін еліміздегі әуежайлардың барлығында ұшу-қону жолақтары тәртіпке келтіріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік инфрақұрылымын 2020 жылға дейінгі дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны таныстыру кезінде Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

Белгілі болғанындай әуежай желілерін дамыту аясында елімізде 11 әуежай қайта жаңғыртылады. Осы орайда әуежайлардағы 5 ұшып-қону жолақтарын қайта жасау жоспарланып отыр. «Алдағы жылы Орал, Петропавл қалаларында ұшып-қону жолақтарын қайта құру жұмыстары жалғасады. 2017 жылға дейін барлық жолақтарды тиісті тәртіпке келтіреміз», - деді министр. Бұған қоса ол шағын авиацияны дамыту мәселесіне тоқтала келіп, жергілікті атқарушы органдармен шағын авиация аэродромдарын құру мәселесі қарастырылғанын жеткізді. Бірінші кезеңде осындай 16 аэродром жоспарланып отыр. Бүгінде олардың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Айта кетейік, 2020 жылға дейін 75 жаңа халықаралық әуе қатынасы ашылады деп күтілуде.