Елімізде 120-ға жуық мектепте үштілді білім беру жүзеге асырылуда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 120-ға жуық мектепте үштілді білім беру жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«2016 жылғы 1 қыркүйектен 12 жылдық білім беруге көшу мақсатында елдің барлық мектептерінде 1-ші сыныптар үшін бастауыш мектептің 24 оқу бағдарламасы, негізгі мектеп және жоғары сыныптар мектебінің 84 оқу бағдарламасы әзірленді. 22 әдістемелік құрал мен жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдері үшін 31 ұсыным дайындалды. Бүгінгі таңда елдің 117 білім беру ұйымы үштілді білім беруді іске асырды», - деді Е.Досаев.
Сонымен қатар, ол индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы кадрларын даярлау үшін 11 базалық жоғары оқу орыны 78 шетел университетімен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасқанын атап өтті.
«2017 жылдан бастап, тегін кәсіби-техникалық білім беруге көшу аясында Дүниежүзілік банктің «Техникалық және кәсіби білім беруді жаңғырту» жобасы бойынша 6 колледж 425 млн. теңге сомаға грант алды», - деді министр.