Елімізде 1200 пациент бауыр, 3000 адам бүйрек ауыстыру операциясын күтіп отыр - Жеткерген Арзықұлов

None
АЛМАТЫ. 21желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазіргі уақытта бауыр ауыстыру жөніндегі алғашқы ең күрделі операцияға түскен, донор болған 38 жастағы әйел де, бауырының жартысы салынған 33 жастағы оның сіңлісінің де жағдайы бір қалыпты.

Бұл туралы бүгін Алматыда елімізде тұңғыш рет жасалынған бауыр ауыстыру жөніндегі операцияның алғашқы нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатында А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры Жеткерген Арзықұлов айтты.

Естеріңізге салайық, желтоқсанның 9-ы күні Қазақстанда алғаш рет А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауыр ауыстыру жөніндегі ең күрделі операция жасалды, нақтырақ айтқанда Шымкенттен келген апалы-сіңлілер үшін (бауырды ауыстырудың ортотопикалық жолы) бауырдың туысқандық трансплантациясы жүргізілді. Алғашқы операцияны аталмыш орталықтың хирургтері Беларусьтан келген 5 әріптес-дәрігерлерімен бірлесіп жасады. Он екі сағатқа созылған операцияға барлығы 50-ден аса медицина қызметкерлері қатысқан болатын. Атап өтерлігі, әлем тәжірибесінде, тіпті атап айтқанда Беларусь елі алдымен донорлық трансплантациядан бастаса, біздің ел хирургтары бірден бауыр ауыстырудың ең күрделі түрі - туысқандық трансплантация операциясын жасады.

"Операция сәтті өтті. Елімізде алғаш рет жасалып отырғандықтан, Беларусь елінен тәжірибесі бар әріптестерімізді шақырдық. Біріншіден, трансплантологиядағы күрделі операциялардың бірі - бауыр ауыстыру болып табылады, екіншіден, трансплантологияның үш түрі болса, біз соның ең күрделісін - бауырдың туысқандық трансплантациясын таңдап алдық. Ондай операцияны жүргізу өте ауыр және күрделі, өйткені бір емес, екі адамның өміріне де жауап бересің. Біз үшін ең қиыны да осы болды. Бауырын беріп отырған адамның өліп кету қаупі де жоғары болады. Қазір донор болған апайының халі де, апайының жарты бауырын алған сіңлісінің де жағдайы жақсы. Негізінен, толық қалпына келу үшін 22-23 күн қажет. Операция жасау барысында еш техникалық қиындықтар болған жоқ",-деді Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бауыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Данияр Тоқсанбаев.

Жеткерген Арзықұловтың айтуынша, әлемде бауыр трансплантациясы жиілігі жағынан екінші трансплантациялық операцияға жатады. "Операциядан соң науқастардың 90 пайызы аман қалады. Операцияның алғашқы айларынан аман қалып, ем қонбайтын инфекцияларды жұқтырмай, бауырдың сіңіспеуі реакциясына төтеп бере алған адамдар толыққанды өмір сүреді. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, бүгінде бауыр ауыстырғандардың шамамен 85 пайызы нандарын өздері тауып жейтін халде. Кейбір әйелдер бала көтеріп, дүниеге дені сау сәби әкелуде. Сондықтан екеуі де алдағы уақытта толыққанды өмір сүре алады", -деді ол.

Мамандардың айтуынша, трансплантация өт жолдарының дамымай қалуы, бауыр мен өт өзегінің ісік аурулары және бауыр циррозының асқынуы сияқты ем қонбайтын жағдайларда жасалынады.

"Бүгінгі таңда бүкіл әлемдегідей, Қазақстанда да бауырдың вирустық, аутоиммунды және токсикалық зақымдану жағдайлары жиілеп отыр, жылдан жылға оның саны артпаса, өкінішке орай, кемімей жатыр. Оған әр түрлі себептер ықпал етуде -экология, ішімдік, зиянды қызмет орны және т.б., сол себепті де бауырды трансплантациялау жылдан -жылға өзекті мәселеге айналуда"- дейді Данияр Тоқсанбаев.

Ж.Арзықұловтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы бойынша алғанда шамамен 1200 пациент бауыр ауыстыру операциясын керек етіп отырса, бүйрек ауыстыруды 3000 адам күтіп отыр.

Баспасөз мәслихаты барысында Жеткерген Арзықұлов сонымен қатар: "Жаңа жылға дейін жүрек трансплантациясы жасалынатын болады",- деп мәлім етті.