Елімізде 15-28 жастағы жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құрап отыр - Статистика

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат -2012 жылы Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында 8,5 млн. адам немесе 15 және одан жоғары жастағы халықтың 67,9 пайызы жұмыспен қамтылды. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда олардың саны 205,5 мың адамға (2,5 пайызға) артты. Жұмыспен қамтылғандардың жартысынан көбі (4,4 млн. адам) - ерлер, 48,6 пайызы (4,1 млн. адам) - әйелдер. Бұл туралы Статистика агенттігінен хабарланды.

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылы жалдамалы қызметкерлердің саны 5,8 млн. адамды немесе жалпы жұмыспен қамтылған халықтың санынан 68,3 пайызын құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 232,3 мың адамға (4,2 пайызға) өсті. Жұмыспен қамтылғандардың арасында өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың саны 2,7 млн.адамды немесе 31,7 пайызды құрады.

Бұдан бөлек, 2012 жылы жұмыссыз халықтын саны 474,8 мың адамды құрады. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыз (2011 жыл - 5,4 пайыз) құрады. Жұмыссыз ерлердің үлесі 39,7 пайыз, әйелдердің үлесі - 60,3 пайыз. Ал 15-24 жастағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,9 пайыз (2011жылы- 4,6 пайыз), 15-28 жастағылардікі - 5,4 пайыз (2011жылы- 6,3 пайыз) болды.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2012 жылдың соңына 34,6 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,4 пайызын (2011 жыл - 0,4 пайыз) құрады.