«Ашық сағат алаңы» жобасы шеңберінде құрылыс істері және ТКШ комитетінде бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта кездесу өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар құрылыс саласының еңбек ресурстарын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, бизнес-қоғамдастық өткен жылдан бері кадр тапшылығы мәселесін бірнеше рет көтеріп келеді.
«Кадр тапшылығы бойынша проблемалық мәселелерді шешу және пысықтау мақсатында комитет құрылыс саласында кадр даярлау мәселесі бойынша талдау жүргізді. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде құрылыс саласы үшін кадр даярлайтын колледждер бар. Білім саласындағы уәкілетті органдардан алынған ақпаратқа сүйенсек, еліміз бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін 770 ұйым бар. Оның ішінде 202 колледж құрылыс саласы үшін кадр даярлайды. Онда 21 мыңнан астам студент білім алады», – деп атап өтті Б.Жүнісбеков.
Айта кетерлігі, комитет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігінің деректері бойынша кадр тапшылығы бойынша талдау жүргізген.
Оған сәйкес мемлекеттік гранттың бөлінетін жыл сайынғы көлемі сәулетші, барлық бағыттағы инженер-құрылысшы, сондай-ақ орта буын және жұмысшы кәсіптер сияқты мамандықтар бойынша кадрларға деген қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Құрылыс салушылар қауымдастығы мен Қазақстан құрылысшылар одағының оқыту бағдарламасын қайта қарау жөніндегі ұсыныстары сәтті іске асып жатыр.
Атап айтқанда, аталған шаралар оқу аяқталғаннан кейін жұмыспен қамту, сондай-ақ мектеп түлектері мен жұмыссыз жастар арасында тиісті кәсіптік бағдарлау шараларын қамтиды.
Бүгінгі таңда қазақстандық колледждерге академиялық дербестік берілген.
Осылайша, 400-ге жуық білім бағдарламасы қайта қаралып, жұмыс берушілерді білім беру процесіне тарту үшін дуалды оқыту форматы сәтті жүзеге асып жатыр.
Бұл ретте дуалды оқыту барысында студенттің тәжірибеден өту мерзімі еңбек өтіліне қоса есептеледі.
Сондай-ақ кәсіпорындарды ынталандыру үшін өндірістегі тәлімгерлерге еңбекақы төленетінін атап өткен жөн.
Бүгінде аталған оқыту форматы 109 отандық колледжде енгізілген.
Жалпы құрылыс мамандықтары бойынша дуалды оқытумен 6 мыңға жуық студент қамтылған.
Фото: gov.kz