Елімізде 2009 жылы нақты ЖІӨ 2008 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға өсті

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда 2009 жылғы қаңтар-желтоқсандағы нақты Жалпы ішкі өнім 2008 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,2 пайызға өсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агентігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, 2009 жылғы қаңтар-желтоқсандағы жедел деректер бойынша жалпы ішкі өнім көлемі ағымдағы бағаларда 15887,8 млрд. теңгені құрады. ЖІӨ-нің құрылымында тауар өндіру үлесі 43,8 пайызды, қызмет көрсету - 54,8 пайызды құраған. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2010 жылғы қаңтарда 2009 жылғы қаңтарға қарағанда 108,5 пайызды құраған. «2010 жылғы қаңтарда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 884,6 млрд. теңгені құрады, бұл 2009 жылғы қаңтарға қарағанда 10,3 пайызға артық. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда - 5 пайыз өңдеу өнеркәсібінде - 24,5 пайыз, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 4,6 пайыз өндіріс өсімі байқалды», делінген агенттіктің хабарламасында. Сондай-ақ 2010 жылғы қаңтарда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 45,1 млрд. теңгені құрап, 2009 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2,1 пайызға артқан.