Елімізде 2020 жылға дейін 3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады
Кейіннен Үкіметтің арнайы Қаулысымен аталған бағдарлама бекітіліп, сол жылдың 1-шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету мен осы сала құрылысын дамыту проблемаларын кешенді түрде шешу мақсатында әзірленіп, қабылданған бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік орган ретінде сол кездегі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі болатын.
Бүгінде қайтақұрылымдаудан өткен мүдделі мемлекеттік органдар республика бойынша аталған жобаны сәтті жүзеге асырып келеді. Мысалы, Қостанай облысында «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы аясында 4,3 млрд теңге игерілген. Облыстық құрылыс басқармасының жетекшісі Валентин Эпованың мәліметтеріне сүйнесек, аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында ағымдағы жылда республикалық және облыстық бюджеттен 5,2 млрд теңге қаржы бөлініпті. Бүгінде онй айлық көрсеткіштер бойынша бұл қаражаттың 4,3 млрд теңгесі кассалық негізбен игерілген.
- Бұл пайыздық көрсеткіш бойынша жылдық жоспардың 82 пайызы орындалғанын білдіреді. Нәтижесінде, 183,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен жоспар 111,2 пайызға артығымен орындалды. 1 576 пәтер өз иелерін тауып, 2013 жылмен салыстырғанда баспана беру көрсеткіші 40 пайызға өсті. Сөйтіп, кезекте тұрған 177 отбасыға бағдарлама аясында пәтер кілттерін табыс еттік. Сонымен қатар, жас отбасыларға 177 арендалық пәтер үлестірілсе, 401 коммерциялық пәтер және 881 жеке тұрғын үй құрылысы қолданықа берілді, - деп атап өтті Басқарма жетекшісі.
Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін аймақ орталығында барлық қаржыландыру көздеріне сүйене отырып, 246 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беретін көрінеді. Ол жоспардағыдан 13 мың шаршы метрге артық екен.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы қазіргі кезде мемлекеттің қолдауымен облыс орталықтарын былай қойып, аудан орталықтарымен әлеуметтік-стратегиялық маңызы жоғары ауылдарда да жүргізілуде. Солардың бірі - Қызылорда облысының Арал ауданы орталығы болып табылады. Арал қаласындағы Кіші Арал көшесінің бойында 12 коммуналдық меншіктегі бір пәтерлі тұрғын үйлер салынды. Олардың жалпы алаңы 840 шаршы метрді құрайды. Бөлінген қаржы - 84,135 млн. теңге. Оның ішінде: республикалық бюджеттен 8 тұрғын үй - 45 млн. теңге болса, облыстық бюджеттен 4 тұрғын үй - 28 млн. теңге, ал аудандық бюджеттен - 11,135 мың теңге бөлінді. Тағы бір атап өтерлігі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, ағымдағы жылдың 20-қыркүйегінде мемлекеттік қабылдау комиссиясының шешімімен қабылданды. Тұрғын үйлердің құжаттары әділет басқармасында рәсімделіп, аудандық қаржы бөлімі арқылы тиісті мекеменің теңгеріміне беру үшін жолданды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді кезекте тұрған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жалға беру үшін мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерді есепке алу және жалға беру жөніндегі аудандық тұрғын үй комиссиясының қарауына енгізілді. Үйлер қолданыстағы заңнама бойынша кезекте тұрған азаматтарға үлестіріліп берілетін болады, - дейді аудан әкімдігінің мамандары.
Ал енді «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бойынша толық әрі шынайы мәліметтерді қайдан алуға болады? «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мамандарының ұсынған мәліметтеріне көз жүгіртсек, бағдарлама туралы барлық ақпаратқа емін-еркін қол жеткізуге болады. Жалпы, бағдарламаны тұтас алғанда оның бірінші бағыты шеңберінде 2012 жылдан бастап 2020 жылға дейін 3 млн. шаршы метрге жуық, ал екінші бағыт аясында - 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын басталған «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты шын мәнінде 2011-2014 жылдарға аралығын тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жалғасы болып табылады. Мұның нәтижесі ретінде нақты мынадай мысалдар келтіруге болады. Бүгінгі таңда ел өңірлерінде 850 пәтерлік 11 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Атап айтқанда, Ақтөбеде 393 пәтерлі 3 үй, Талдықорғанда 60 пәтерлі 1 үй, Оралда 90 пәтерлі 1 үй, Таразда 64 пәтерлі 2 үй, Қызылорда 100 пәтерлі 2 үй, Павлодарда 143 пәтер 2 үй қаласында салынған. Қазіргі уақытта бағдарлама қатысушыларына пәтерлерге құжаттар рәсімделу үстінде.
Сондай-ақ, барлық облыс орталықтарында және Алматы, Астана қалаларында 5 381 пәтерлік 81 үйдің құрылысы жүргізілуде, оларға да өтініштер беру аяқталып, рәсімдеу шарасы жүргізілуде.