Елімізде 5-ші рет «Мектеп сүті» бағдарламасы іске сәтті асып отыр

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елімізде 5-ші рет «Мектеп сүті» бағдарламасы іске асып отыр. 2005 жылы басталған аталмыш бағдарлама бүгінгі таңда Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент және батыс өңірлерде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақтың денсаулығын жақсарту және оқушылардың бойында дұрыс тамақтануға деген саналы ой-пікір қалыптастыру. Ата-аналардың, қалалық және облыстық бюджеттің қаржылай қолдауымен іске асырылатын бағдарлама балаларды дәрумендер мен микроэлементтерге бай, таза қауіпсіз әрі дәмді сүтпен қамтамасыз етеді. Ыңғайлы қорапшалардағы ультрапастерленген сүт оқушыларға "сүт үзілісі" немесе түскі ас кезінде беріледі.

2007 жылы профессор Юрий Синявский мен Қазақстан тамақтану академиясының бір топ ғалымдары "Мектеп сүті" бағдарламасына қатысқан балалардың дене салмағы өскенін байқаған, бұл баланың жалпы дамуының үйлесімді түрде өскенін байқатады дейді ғалымдар.

Әлемнің көптеген елдерінде 40 жылдан астам уақытта жүргізіліп келген аталмыш бағдарлама еліміздің сүт одағының бастамасымен іске асып отыр.