Елімізде 563,1 мың мүгедек адамдар бар - Г.Әбдіқалықова

ТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша елімізде 563,1 мың мүгедек адам бар, бұл жалпы халықтың 3,4 пайызы.

Оның ішінде 58 мыңы мүгедек балалар болып отыр. Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне арналған Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.

Министрдің мәліметіне қарағанда, ересек азаматтардың алғаш рет мүгедектігі танылуы бойынша сырқаттардың құрылымы соңғы жылдары өзгермей келеді. Бұл ретте бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары - 22 пайыз, екінші орында қатерлі ісік - 17 пайыз, үшінші орында түрлі жарақаттар - 13,7 пайызды құрап отыр. Ал мүгедек балалар арасында бірінші орында туа біткен аурулардан пайда болатын мүгедектік - 34,6 пайызды құрайды.

«Қазіргі таңда мүгедектіктің жасару үрдісі де байқалып отыр. 2011 жылдың 9 айында елімізде 35,7 мың адам алғаш рет мүгедек ретінде танылса, оның 75 пайызы - еңбекке жарамдылар, 19,4 пайызы - балалар», - деді Г.Әбдіқалықова.