Елімізде 6-9 жастағы балалардың 20,6% семіздікке шалдыққан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметі бойынша елімізде 6-9 жастағы балалардың 20,6%-ы артық салмаққа шалдыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес аурулар ауыртпалығының өсуі денсаулық сақтау жүйесіне де, жалпы ел экономикасына да жүктеменің ұлғаюына ықпал етеді.

Қазақстандағы барлық өлім-жітімнің 84%-ға жуығының себебі инфекциялық емес аурулар болып отыр. Соңғы зерттеу деректері бойынша жүрек-тамыр аурулары, қант диабеті, созылмалы респираторлық және қатерлі ісік аурулары сияқты инфекциялық емес аурулардың төрт негізгі тобынан мезгілсіз қайтыс болу ықтималдығы ер адамдарда әйелдермен салыстырғанда 27% жиі кездеседі», - деді министр Үкімет отырысында.

Ведомство басшысы 6-9 жастағы балалардың арасында артық дене салмағына шалдыққандардың үлесі – 20,6% болғанын атап өтті.

«Оның ішінде балалардың 6,6%-ы семіздікпен ауырады. Қант диабетімен сырқаттанушылықтың 62%-ға өскені байқалады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы бағалауы бойынша инфекциялық емес аурулардың 4 негізгі тобын емдеуге 300 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты экономикаға жұмсалғатын шығындар денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығындардан 6,5 есе асып түседі және жылына 2 трлн теңге болды.

Жалпы Қазақстан экономикасына инфекциялық емес аурулар келтірілетін ағымдағы залал жылына 2,3 трлн теңгені құрайды. Бұл елдің жылдық жалпы ішкі өнімнің 4,5%-на тең», - дедіАжар Ғиният.