Елімізде 682 полиция қызметкері қызмет барысында көз жұмды

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Қазақстан полициясының құрылғанына 20 жыл толуына орай «Естелік кітабы» деген тақырыппен қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан тәртіп сақшылары туралы естеліктер жинағын басып шығарды.

Кітапты құрастырған «ҚР ІІО Медиа-орталығы» ЖШС-ның бас директоры Алмас Садубаевтың айтуынша, естелік кітап Ішкі істер министрі, генерал лейтенант Қалмұханбет  Қасымовтың тікелей тапсырмасы бойынша жарық көрді. Жинақ 28 бөлімнен, 272 беттен тұрады. Онда қызметін орындау барысында қаза болған 234 қызметкердің аты-жөні мен қысқаша өмірбаяны берілген. Ал негізінен, тәуелсіздіктің 20 жылында ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі үшін жанын пида еткен полицейлердің саны 682-ге жетіп жығылады. Кітаптың 140-ыншы бетінде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов туралы толық мәліметтер бар.

«Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Елі үшін ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің барлығын қамту үшін жинақты жалғастыратын боламыз», - дейді А. Садубаев.