Елімізде 8 мыңнан астам науқас лимфа жүйесіндегі қатерлі ісік дертімен есепке алынған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жыл сайын қыркүйектің 15-і күні дүниежүзілік лимфомамен күрес күні аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лимфома – ағзаның лимфа жүйесіндегі қатерлі ісік түрі. Бұл жағдайда онкология лимфа тінінің жасушаларында дамиды, ал қатерлі ісік процесінің таралуы қан ағымымен де, метастаздармен де жүреді. Лимфома екіге бөлінеді: ходжкин лимфомасы және ходжкин емес лимфома.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанда 922 адамға лимфома диагнозы қойылды. Диспансерлік есепте 8 мыңнан астам науқас тұр. Олардың шамамен 70%-ы – ходжкин емес лимфомаға, қалғаны ходжкин лимфомасына шалдыққан.

«Лимфоманың негізгі белгілерінің бірі - лимфа түйіндерінің ұлғаюы, сонымен қатар көкбауырдың ұлғаюы. Денеде басқа ісік тәрізді түзілімдер пайда болуы мүмкін. Жалпы белгілері бар, мысалы: дене температурасының 37,50 С жоғары көтерілуі, бас ауруы, тершеңдік, жөтел, ентігу, дене салмағының төмендеуі, тәбеттің жоғалуы», - деп атап өтті ҚазОРҒЗИ баспасөз қызметі.

Лимфоманы емдеуде уақтылы және дұрыс дифференциалды диагностика өте маңызды рөл атқарады.

«Қазіргі уақытта лимфома емделмейтін аурулар санатынан ең сәтті емделетін аурулардың қатарына өтті. Серпіліс диагностиканың дәлдігін арттыру, терапияның заманауи схемаларын әзірлеу, сондай-ақ жаңа дәрілік заттардың (моноклоналды антиденелер, иммундық жауаптың бақылау нүктелерінің ингибиторлары), ілеспе терапияның және аспаптық диагностиканың пайда болуы арқасында жүзеге асырылды», - деп хабарлады Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан.

Дәрігерлердің айтуынша, емдеу тәсілі аурудың сатысына және белгілеріне байланысты болады.

«Белгілі бір науқасқа арналған емдеу жоспары оның жасына және жалпы денсаулығына байланысты. Емдеу мамандандырылған химиотерапиялық/гематологиялық бөлімшеде жүргізіледі. Дәрігер ұсынған терапия жоспарын пациент талқылаудан кейін, жақын адамдарымен кеңескеннен кейін қабылдайды. Әдетте, ісікке қарсы дәрі-дәрмектер, сәулелік терапия және осы әдістердің комбинациясы қолданылады, хирургиялық емдеу сирек кездеседі. Сонымен қатар, жанама емдеу тағайындалады, оның мақсаты ісікке қарсы терапияның жанама әсерлері мен асқынуларын азайту», - делінген хабарламада.