Мысалы, 2011 жылы орташа сүт тұтыну деңгейі жан басына шаққанда 36 литрге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Бұл жөнінде «Тетра пак» Орталық Азия компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Динара Тәтіғұлова Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.
Д.Тәтіғұлова Қазақстандағы сүт нарығы мен сұйық сүт өнімдері туралы ақпарат бере келе, алдағы жылдары ультрапастерленген сүтті тұтыну көлемі 15-17 пайыз артатындығын жеткізді. Дегенмен, Қазақстанда орамдағы сүт өнімдері нарығын дамыту мүмкіндіктері зор. «Осы нарықтың әлеуетін пайдалану үшін Қазақстанның өз ішінде өндірілетін сүттің (шикізат) сапасын арттыру қажет. Ол үшін фермерлік шаруа қожалықтарын дамыту керек. Бұл заманауи технологиялардың көмегімен өңдеуге жіберілетін шикізат көлемін арттырып, халықты сапалы да пайдалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Д.Тәтіғұлова Canadean зерттеулеріне сүйене отырып, бүгінде қазақстандық тұтынушылардың басым бөлігі (61%) сүттің орамдағысын сатып алуды қалайтындығын жеткізді. Ал көшелерде литрлеп сатылатын сүттің мөлшері 39% құрайды екен. «Бірақ, ол сүттің сапасы бақылаушы органдар тарапынан тексерілмегендіктен түрлі инфекция жұқтыру қаупі де жоғары», -дейді маман.
Сондай-ақ ол Қазақстанда ет пен астық өнімдерін өндіруге көңіл бөлінгенімен, сүт өндіру ісі кенже қалып жатқандығын айтады.
Әлемнің 170-тен астам елінде қызмет көрсететін «Тетра Пак» компаниясында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді екен.