12:54, 15 Сәуір 2009
Елімізде алғаш рет Қазақстан композиторларының ең үздік опера және балет шығармаларының жинағы басылып шығады ? алқа мәжілісі
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Еліміздің мәдениет тарихында алғаш рет Қазақстан композиторларының ең үздік опера және балет шығармаларының партитураларының клаверлері басылып шығады.
Бұл туралы бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед министрліктің алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзінше, бұл опера және балет театрлары майталмандарының көптен қозғап жүрген мәселесі. «Ашығын айтайық, біз қазір елімізде барлығы 3 опера және балет театры бар деп жүрміз. Алайда, олардың көпшілігі тозығы жеткен, бірнеше рет көшірілген ескі партитуралар мен клаверлерді пайдаланып келеді. Біз осылардың барлығын жаңа заман техникасына сай басып шығаруымыз керек», деді министр. Сонымен қатар, ол келесі жылға жоспарланған Қазақстан мәдениеті мен археологиясы, этнографиясы мен тарихы жөніндегі кітаптардың басылып шығатындығын атап көрсетті.