Елімізде алғаш рет Мәдениеттерді жақындастыру орталығы қызметке кірісіп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл елімізде алғаш рет ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы қызметке кірісті. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатындағы кездесу барысында ҚР Мәдениет және спорт министтрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«2011 жылы Қазақстан ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар туралы конвенциясына қол қойған болатын. Осының арқасында біз ұлттық заңнамада материалдық емес мәдени мұралар институты ұғымын енгіздік. Сонымен қатар, біз биыл алғаш рет ЮНЕСКО бағытындағы «Мәдениеттерді жақындату орталығы» мемлекеттік мекемесін ашып отырмыз. Бұл Қазақстандағы ЮНЕСКО-мен бірлесе ашылған алғашқы зерттеу институты болып табылады», - деді министр А. Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, Мәдениеттерді жақындастыру орталығының негізгі міндеттері ЮНЕСКО Мәдениеттер жақындасуының онжылдығынын өткізудің Іс-қимыл жоспарымен үндес болып келеді.

Айта кетерлігі, жаңа мекеменің жарғысына сәйкес, музей құндылықтары мен тарихи-мәдени мұраны анықтау, толықтыру, зерттеу және насихаттау, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұра нысандарын сақтау саласында жаңа білімді алу мен пайдалануға бағытталған ғылыми-ағартушылық қызметті, зерттеулерді жүргізу қамтылған.

Қазіргі кезде Қазақстанда ЮНЕСКО-ға «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» қызметінің аталған халықаралық ұйым қамқорлығымен жүзеге асырылуы бойынша құжаттар тапсырылған. «Жақын аралықта біз халықаралық ұйымнан жауап күтетін боламыз», - деді министр.