Мәлім болғандай, елімізде барланған 27 боксит кен орны бар. Оның ішінде 15 орынның болжамды қоры - 291,7 млн тонна. Барлық өнеркәсіптік маңызы бар боксит Торғай даласында (Қостанай облысы) шоғырланған.
«Қостанай облысында Қазақстан боксит қорларының 97,4% шоғырланған. Ал, Ақтөбе облысында - 2,6%. Өңдеу өнеркәсібіндегі алюминий саласының үлесі 3,2% немесе 0,66 трлн теңгені құрайды. Боксит өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын – «Қазақстан алюминийі» АҚ, ал оны бастапқы өңдеумен «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ айналысады. Бұл салада шамамен 10 мың адам жұмыс істейді», - делінген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректерінде.
Консультативтік құжатта жазылғандай, алюминийдің шамамен 17 пайызы ғана елімізде бастапқы өңдеуден өтеді. Басым бөлігі экспортқа шығарылады. Былтыр шет мемлекеттерге 233,4 мың тонна алюминий жөнелтілген.