Сотта қаралған азаматтық істердің 902-сі екі жақтың мәмілеге келуімен тоқтатылды. Мемлекетке қайтарылған баж салығының мөлшері 62 514 556 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық.
«Тек азаматтық істер бойынша дауға кемінде 2 адам қатысатынын ескерсек, соттасушы адамдар саны халықтың 9,6 пайызын құрап отыр. Статистикалық мәліметтерге сай, өршіп тұрған даулардың көпшілігі отбасылық даулар. Оның ішінде неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіріп алу даулары. Елімізде әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып, неке бұзылуда» - дейді ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен.
Ажырасудың зардабын ең алдымен балалары тартатыны белгілі. Орта есеппен әр отбасында екі бала деп алсақ, бір жылда жүз мыңнан астам бала «тірі жетімдердің» қатарын толықтыруда . Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 2176, ал биыл жарты жылдың ішінде 1039 отбасының некесі бұзылған.
«Сот әр дау бойынша тараптарды татуластыруға міндетті. Татуластыру мәселесінің үш түрі бар. Олардың артықшылықтары көп, уақыт пен қаражатты үнемдейді, тараптарға дауды өзара шешуге мүмкіндік береді», - дейді СҚО соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдар Смағұлов.
Араз азаматтарды мәмілеге келтіру үшін бүгінде облыс соттарында 22 медиация кабинеті ашылған. Аудандарда 300-ден астам кәсіби емес медиаторлар, облыс орталығында 32 кәсіби медиатор жұмыс істейді.
Ақерке Қабыкеева