Бұл туралы бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде онкологиялық ауру бойынша көрсеткіштердің оңтайлы динамикасы орын алғанына қарамастан ахуал әлі де күрделі болып отыр.
«Жыл сайын 30 мыңнан астам онкологиялық ауруға шалдығудың жаңа оқиғалары анықталып отыр. Оның ішінде 47,2 пайызы қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде айқындалады»,-деді министр.
С. Қайырбекованың айтуынша, бүгінде онкологиялық тіркеуде 140 мыңнан астам аурулар тізімде тұр. «Әлемде қатерлі ісік аурулары орташа есеппен жыл сайын 5 пайызға артып отырады. Бұл өз кезегінде қабылданған бағдарламаның маңыздылығын көрсетеді»,-деді С. Қайырбекова.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасын даярлап, ол ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Бағдарламаның мақсаты - қатерлі ісік ауруларынан Қазақстан азаматтарының өлім-жітімін төмендету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін үш негізгі міндет айқындалды. Оның ішінде онкологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіру, яғни скринингтерді дамыту, емдеу мен диагностика әдістерінде жоғары технологияларға қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ онкологиялық ауруларға қазіргі заманғы оңалту жүйесін құру шаралары қарастырылған.