Оның атап өтуінше, елімізде дәнді дақылдарға қауіпті 300-ден аса зиянкес бар. Мәселен, арамшөптерді дер уақытында уламаса, онда олар астық шығымын кемінде 2 есеге төмендетеді. Ал биыл жауын-шашынның мол түсуі себепті дәнді дақылдардың қоңыр тот пен септориоз аурулары бой көрсете бастады. Олар бидай, арпа, сұлы өсірумен айналысатын Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына қауіп төндіріп тұр.
«Біз жылына 2-2,5 млн. гектар алқапқа ауру таралу мүмкіндігін болжайтынбыз. Ағымдағы жылы да 2,5 млн. гектарды болжадық. Оның ішінде зиянкестерден улайтын көлем - 1,8 млн. гектар. Астық дақылдарының ауруларына қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге 2,7 млрд. теңге бөлінген», - деді ол.
С. Қасеновтің атап өтуінше, егістікті аурулардан қорғау үшін 87 бүріккіш техника жұмылдырылған. Оның 41-і ұшақ, ал 46-сы - аэрозольді генератор.