«Жер балансына сәйкес, бүгінгі таңда елімізде ауыл шаруашылығы бағытындағы жер көлемі 90 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде жерді түгендеу бойынша атқарылған шаралар нәтижесінде шамамен 8 млн. гектарға жуық жердің пайдаланылмай отырғандығы анықталды. Осы 8 млн. гектардың ішінде былтырғы жылы 7 млн. гектары қайтарылып алынып, олар бұдан әрі қайта пайдалануға ұсынылды», - дейді комитет төрағасы. Оның айтуынша, бұндай жұмыс жалғасады. Елбасының тасырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді кешенді түрде түгендеу жұмыстары әлі жүзеге асады. Ауқымды жұмыс 3 жыл бойына атқарылып, 2014 жылы аяқталады деп күтілуде. «Түгендеу нәтижесінде тозығы жеткен жерлер де анықталды. Олар шамамен 100 мың гектарды құрайды», - дейді Қ. Отаров.
13:54, 28 Ақпан 2013
Елімізде ауыл шаруашылығы бағытында пайдаланылмай отырған жер көлемі 8 млн. гектарды құраған
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Елімізде ауыл шаруашылығы бағытында пайдаланылмай отырған жер көлемі 8 млн. гектарды құраған. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров мәлім етті.