Елімізде ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түліктің негізгі түрлері бағасының қымбаттау қаупі бар - А. Күрішбаев

/em>Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ел аумағынан ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түліктің негізгі түрлерін шамадан тыс шығару салдарынан олардың бағасының күрт көтерілу қаупі төніп тұр.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.

«Көрші елдерде туындаған тұрақсыз жағдай бүгінде ішкі азық-түлік нарығында белгілі бір қиындықтардың туындауына себеп болып отыр. Атап айтқанда, ел аумағынан ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түліктің негізгі түрлерін шамадан тыс шығару салдарынан олардың бағасының күрт көтерілу қаупі төніп тұр», - деді министр. Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты қорғау әрі азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтап қалу үшін бірқатар шараларды қабылдады.

Министрдің айтуынша, негізгі астық егетін аймақтардың элеваторларынан 126 мың тонна астық құрғақшылықтан зардап шеккен батыс аймақтарға тасымалданып, аталған өңірлерде астық ресурстарының қоры құрылған. Сондай-ақ, 1 млн. тоннаға жуық көлемде астық сақтандыру қорын құру туралы шешім қабылданды. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері мен ҚазАгро ұлттық холдингі мен Қазақстанның Астық одағы ішкі нарыққа астық, ұн өнімдерін тұрақты жеткізіп тұру, әрі нанның бағасын тұрақтандыру туралы меморандумдарға қол қойды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған тағы бір шараға сәйкес, 6 айға дейінгі мерзімге республика аумағынан майлы дақылдардың тұқымдарын, өсімдік майын және қарақұмықты шығаруға тыйым салынды.