Елімізде азаматтық істер бойынша өтетін сот отырыстарына заңдық білімі жоқ азаматтар да қатысуда ? Жоғарғы сот өкілі

АСТАНА. Мамырдың 22-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінгі таңда елімізде азаматтық істер бойынша өтетін сот отырыстарына заңдық білімі жоқ азаматтар да қатысып жүр.

Ал олар заңдық тұрғыдан сауатсыз болғандықтан, өздері қорғауға келген адамдарға тиісті көмек көрсете алмайды. Заң саласында жүрген осындай азаматтар қазір біршама проблемалар тудырып отыр. Бұл пікірді бүгін Жоғарғы сотта «Азаматтық сот өндірісіне қатысушылар институтын жетілдіру мәселелері» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі алқасы төрағасының орынбасары Ақылтай Қасымов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Дөңгелек үстел» отырысына Жоғарғы сот өкілдерімен қатар Парламент пен Конституциялық кеңес өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, адвокаттар мен заңгер ғалымдар қатысуда. Осыған орай отырыста қозғалатын мәселе жөнінде пікірін білдірген төрағаның орынбасары бүгін аталған мәселеге байланысты көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып, ол мәселенің оңды шешімін табуға ықпал етеді деген ойда екенін айтты. Оның пайымдауынша, бүгінгі күні аталған мәселе бойынша заңгерлердің алдында тұрған басты міндет - адвокаттармен қатар, сот істерін қарауда азаматтардың құқықтарын сапалы әрі кәсіби тұрғыда қорғауды қамтамасыз ететін орган құру. «Конституция азаматтарға осындай заңдық қызмет көрсетуді талап етеді. Біз бүгін осы мәселе бойынша кеңесіп, нақты шешімдер қабылдаймыз. Бұл ретте қазір заңгерлер қолдап отырған басты мәселелердің бірі тиісті заңдарға сот ісіне тек білікті мамандарды қатыстыруды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізу болып отыр», - деді Жоғарғы сот өкілі.