Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, «Басты рөл» тележобасы - бұл жаңа отандық фильмдерге жарияланған ашық кастинг.
Жобаға жасы 16-ға толған, өз күшіне сенімді дарынды жандар қатыса алады. Іріктеу бірнеше сатыдан тұрады. Жобаның барлық іріктеу кезеңдері мен актерлық шеберлік дәрістері телеарнадан көрсетілетін болады. Сондықтан да телекөрермендер сынға түскен қатысушылардың алғашқы қадамдарынан бастап, басты рөлге тағайындалып, жеңімпаз аталуына дейінгі ауыр жолды телеэкраннан көріп-тамашалай алады. Болашақ отандық фильмдердің басты кейіпкерлерін кино майталмандарынан құралған әділ-қазылар алқасы анықтайтын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба барысында қатысушылар еліміздің ең үздік сахна және экран шеберлерінен дәріс алуға мүмкіндік алады.
Шара барысында ең харизмалық және дарынды деген екі қатысушы актерлық шеберліктен дәріс алуға әлемдік киноиндустрияның жүрегі - Hollywood-қа жолдама алатын болады. Бұл теллежобаның екінші үлкен сыйы.
Байқаудың алғашқы іріктеу кезеңі 28 қазан күні Астана қаласындағы «Оскар» түнгі клубында өтетін болады, ал Алматы қаласындағы іріктеу 4 қазан күні «Қазақфильм» киностудиясында өткізіледі.