Бұл туралы бүгін Астанада Мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі сараптамалық кеңестің 5-ші мәжілісінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.
«Командамен қызмет ауыстыруға тосқауыл қою бұл күрделі мәселе. Өткен жылы барлық тағайындаудың 74 пайызы ауысумен жүзеге асырылды. Тек 17 пайызы ғана конкурс бойынша тағайындалған», - деді аганттік басшысы.
Ә. Бәйменовтың сөзінше, бұл тұрғыда екі кезеңді шаралар атқарылады. Атап айтқанда, жаңа орынға бекітілген басшы мемлекеттік қызметкерлерге жұмыстан кету туралы өтініш жазуға мәжбүрлейді, сондай-ақ бұдан кейін олардың орнына ауыстыру арқылы өзінің бұрынғы қызметкерлерін алып келеді.
«Қызметкерлердің ауысу арқылы тағайындалуына толығымен тыйым салу бойынша жақында бізге Үкімет басшысынан хат келіп түсті және бұл мәселе тұрғысында Елбасының келісімін алдық. Мен бұл қадамды қолдаймын», - деп тоқталды агенттік басшысы
Ә. Бәйменовтың пайымдауынша, ауысу арқылы тағайындау бір мемлекеттік органның ішінде, сондай-ақ ерекше қызметін ескере отырып, Президент Әкімшілігі үшін бұл шаралар сақталу керек.
«Ал қалғандарында бұл мүмкіндіктерге толығымен шектеу жасау керек», - деді ол. Агенттік басшысы мемлекеттік органдарға іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатқандығын және байқау өткізу мерзімін 2-3 есеге қысқаратынын жеткізді.