Елімізде боранға байланысты бірнеше бағыттағы жолдар жабылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды «Қазақавтожол» баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Алматы облысында боранға байланысты келесі жол учаскелерінде қозғалысқа шектеулер қойылды: - Барлық көлік түрлері үшін «Үшарал-Достық» автожолының 83-165 шақырымы «Көктума-Достық» учаскесі; - Автобустар мен үлкен жүк көліктері үшін «Алматы - Өскемен» тасжолының 287-558 шақырымында орналасқан Талдықорған - Үшарал бағытындағы жол бөлігі.

Қостанай облысында боранға орай «Денисовка - Жітіқара - Мүктікөл - Ресей шекарасында» барлық көліктер үшін көлік қозғалысы шектелді. «Карабұтак-Рудный-Қостанай» автожолының 231-503 шақырымы, Рудный қаласы мен Ақтөбе облысы шекарасына дейінгі жол бөлігі жабылды. Сонымен қатар «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тасжолының 7-232 шақырымы, Қостанай қаласынан бастап, Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскесінде көліктерге жүруге болмайды.

Дизель отынымен жүретін көліктер үшін «Мамлют-Қостанай» жолының 180-404 шақырымы, Қостанай қаласы және Солтүстік Қазақстан облысы шекарасы, «Екатеринбург - Алматы» тасжолының Қостанай қаласы және Ақмола облысына дейінгі жол жабық.

Ақтөбе облысында боранға байланысты автокөліктің барлық түрлері үшін келесі жол учаскелерінде қозғалысқа шектеулер қойылды: - Комсомол-Қостанай облысы жол учаскесі;

- «Ақтөбе-Ресей Федерациясы» тасжолының 21-135 шақырымы;

- Ақтөбе қаласы - Қарабұтақ, Қарабұтақ - Комсомол, Қандыағаш - Ембі учаскелері.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кеше кешке дизельдік және жолаушылар тасымалдайтын көліктерге барлық бағыттар бойынша жолға шығуға шектеу қойылды.

Қарағанды облысында барлық көліктер үшін Қызылорда облысы шекарасынан бастап, Жезқазған қаласына дейінгі жол жабылды. Керісінше, Сарышаған - Балқаш қаласы арасындағы учаскеде көліктер үшін көлік қозғалысы бүгін таңертең ашылды.

Қызылорда облысы кеше кешке «Қызылорда-Успен-Ресей Федерациясының шекарасы» тасжолының Қызылорда қаласы және Қарағанды облысының шекарасы арасындағы жол бөлігі барлық автокөліктер үшін жабылған болатын. Бүгін таңертең аталмыш шектеу алынып тасталды.