Елімізде демографиялық зерттеулер институты құрылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде мамандандырылған демографиялық зерттеулер институты құрылуы қажет. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті.

«Мен жақында Премьер-Министрдің атына елімізде мамандандырылған демографиялық зерттеулер институтын құрудың мақсаттылығы туралы хат жолдадым. Осыған орай, Үкімет басшысынан мүдделі мемлекеттік органдармен аталмыш мәселені қарап, оң шешім шығару туралы тапсырма беруін сұраған едім», - дейді агенттік басшысы. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Үкімет басшысы мұндай ұсынысты қарауды Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне, Қаржы министрлігі мен Статистика агенттігіне жүктеген. «Біз жұмыс аясында мұндай орталықтың маңыздылығын ары қарай ілгерілететін боламыз. Жалпы, осындай институт құру біз үшін барынша өзекті», - деді Ә. Смайылов.