Елімізде электр энергетикасы саласының мамандары жеткілікті - Б.Жұмағұлов

АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Елімізде электр энергетикасы саласының мамандары жеткілікті.

Бүгін Үкімет отырсында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің аталған сала мамандарына қатысты қойған сауалына жауап берген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

Қазақстан өзін-өзі электр энергетикасы саласының мамандарымен толықтай қамтамасыз ете алатындығын баса айтқан ол: «Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беретін 80 оқу орны электршілердің орта буынын дайындайды. Бұл шамамен 24,5 мың адамды құрайды. Оның 50 пайызы білім гранттары бойынша оқуда», - деді ол.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, аталған сала инженерлерін дайындаумен елімізде 51 жоғары оқу орны айналысады. «Жылу энергетикасы саласы бойынша студенттер 17, ал электр энергетикасы бойынша 34 мамандықта оқиды. Толықтай алғанда біздің оқу орындарымызда 13 мың студент білім алады», - деп атап өткен Б.Жұмағұловтың дерегіне сай, жыл сайын елімізде 800 адам инженер-энергетик мамандығын алып шығады.