Елімізде еңбекке қабілетті 55 мыңға жуық адам әлеуметтік жәрдемақыға арқа сүйеп, жұмыс істегілері келмейді - С.Жақыпова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде еңбек етуге қабілетті 55 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік жәрдемақыға малданып, жұмыс істегілері келмейді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова айтты.

«Жалпы, атаулы әлеуметтік жәрдемақы азаматтың табысы азық-түлік себеті мен күнкөріс қажеттілігі көрсеткішінің 40 пайызынан кем болған жағдайда ғана берілетіндігі белгілі. Алайда әлеуметтік жәрдемақы алатын азаматтардың ішінде 55 мыңға жуық адам мемлекет тарапынан ұсынылған түрлі бағдарламалар аясында жұмыс істеуге құлық танытар емес. Өйткені, олардың жасырын әрі заңсыз аз да болса табыстары бар екендігі белгілі», - деді ол.

Сондықтан да оның айтуынша, Үкімет дәл осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып отыр. Алғашқы нәтижелер де бар.

«Мәселен, біз «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мүгедек болса да, еңбек етуге қабілетті 12 мыңға жуық адамды жұмысқа тарттық», - деген С.Жақыпова 3,7 мың мүгедек түрлі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, 761 адам әлеуметтік жұмыстарға орналастырылғандығын атап өтті.