Елімізде газ ресурстары 3.7 трлн. текше метрді құрайды - Н. Қаппаров

АСТАНА.  11 маусым. ҚазАқпарат - Еліміздегі газ ресурстары 3,7 трлн. текше метрді құрайды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

Министрдің айтуынша, еліміздегі газ қорының басым бөлігі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған секілді алып кен орындарында шоғырланған. Сондықтан да алдағы уақытта энергия құрылымдарында газ бағытын арттыру қажет.

«Көмірге қарағанда, бұл отын түрі көмірқышқыл газ шығарымдарын екі есеге азайтады. Сондай-ақ, энергетика саласында газды пайдалану суды 4 есе аз қажет етеді. Күл-қоқыс үйінділерін де құрамайды. Одан бөлек халықаралық бағалауларға қарағанда, бүгінгі әлем газдың алтын дәуіріне қадам басуда. Сонымен қатар газ стансаларын пайдалану барынша тиімді әрі арзан, көмір стансаларына қарағанда 3 есе жылдам салынады»,-деді министр.