Елімізде геологиялық деректер жалпыға қолжетімді болмақ

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменге ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев келіп, «Жер қойнауын пайдалану» туралы кодекстің жаңа нұсқасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тимур Тоқтабаев геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру мәселесі Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадамда» да көрініс тапқанын айтады.

Кеңес заманында барланған кен орындарының түбі көріне бастағанымен, елімізде мүлде барланбаған орындар жеткілікті. Оның барлығын қамтуға Қазақстандағы 80-ге жуық геологиялық барлаушы компанияның қауқары да, уақыты да жетпейді. Сол себепті геология нарығына жаңа ойыншылар қажет болып тұр. Жаңа кодекс қаржылық мүмкіндігі шектеулі компанияларға да мүмкіндік бермек.

«Бүкіл Қазақстанда 80-ге жуық кен барлаушы компания болса, Аустралияның батыс бөлігінде ғана олардың саны 15 мыңнан асады. Жаңа кодекс біздің елде де геологиялық компаниялардың көбеюін көздейді. Мысалы, өндірген алтын  көлемі 50 грамнан аспаса, жер қойнауын пайдаланғаны үшін төленетін салық алынбайды. Бұл қазір заңнан тыс жұмыс істеп жүрген «ұсақ инвесторларды»  заң аясында жұмыс істеуге итермелейді» - дейді Тимур Тоқтабаев.

Бұған дейін жер қойнауын барлау  мен игеруге рұқсат алу үшін бірдей процедурадан өту қажет болатын. Жаңа кодексте барлауға рұқсат алу мерзімі еселеп қысқарған.

«Барланған жерде қанша қор бар екенін алдын ала белгілі. Сондықтан, оны игеруге рұқсат алу үшін компаниялар жылдап күтуге дайын. Ал барланбаған жерді тексеруге рұқсат алу үшін кез келген компания жылдап күте алмайды. Ескі кодексте ол 1,5 жылға дейін созылатын. Осынша уақыт күткенде барланған жерден 15-20 грамм ғана минерал шықса, бұл инвестор үшін бос шығын болады. Осы себепті игеру мен барлауға рұқсат беру тәртібі бір-бірінен ажыратылды. Ендігі уақытта барлау жүргізуге рұқсат алу үшін 15 күн жеткілікті. Оның үстіне зерттегіңіз келген жер туралы базалық мәліметті ешқандай кедергісіз аласыз. Бұрын ол шектеулі тұлғаларға ғана берілетін» - дейді вице-министр.

Аустрия, Канада, Чили сияқты мемлекеттер әлеуеті мол кен орындарына талас тумас үшін «Бірінші өтінім» принципін заңмен бекіткен екен. Яғни, қандай да бір кен орнын барлауға талас туғанда ең бірінші өтінім берген компанияға басымдық беріледі. Осы тәсіл біздегі кодекске де енгізіліпті. Геологияға қатысты деректер базасының шектеу алынып,  кен қорын анықтаудың халықаралық стандарты енгізілмек. Аталмыш стандарт бойынша анықталған ақпаратқа әлем бойынша ешқандай күдік болмайды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның цифрлық геологиялық картасын түзуді талап етеді. Жер қойнауын пайдалануға инвестиция салған инвестордың кез келген даулы мәселесіне «Астана» қаржы орталығы құқықтық көмек беретін болады. Мемлекет тарапынан сенімді кепілдік те осы ресурс арқылы берілмек. Осындай жеңілдіктерді қамтыған жаңа құжатта инвестордың жауапкершілігі де ұмыт қалмаған. Егер жер қойнауын барлаушы немесе пайдаланушы инвестор мемлекет мүддесіне қайшы әрекет ете бастаса, келісімшарт дереу күшін жояды.

«Мұндай тетік бұрынғы кодексте де болған. Бірақ онда «басымдық» ұғымы бар еді. Жаңа нұсқада ол ұғым атымен жоқ», - дейді министрлік өкілі.

Қатты қазба байлығын қайта өңдеуші компанияларға салық бойынша да көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Ондай компания корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға дейін, мүлік салығынан 8 жылға дейін босатылады. Оның үстіне мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия, мемлекеттік грант түрінде қаржылай қолдай көрсетілуі мүмкін.

Жаңа кодекс бойынша жер қойнауын барлауға рұқсат алу үшін осы жылдың 15 қыркүйегінен бастап өтінім беруге болады.