Елімізде ІТ кәсіпорындарды дамыту керек- Қазақстан ІТ-компаниялар қауымдастығы

рашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елімізде ІТ кәсіпорындарды дамытуымыз керек. Бұл пікірді бүгін Астанада өткен дөңгелек үстелде «Қазақстан ІТ-компаниялар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) Президенті Нұрлан Исин айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар шара барысында телекоммуникациялық салаларды дамытудағы басым бағыттар бойынша мастер-жоспар талқыланды. Бұл жоспарды қазіргі кезде ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі әзірлеп жатыр.

Аталған агенттіктің Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Құралай Елеусізованың айтуынша, құжаттың жобасында ақпараттық коммуникациялық технологияларды жетілдіру бойынша бүгінде жеті басым бағыт белгіленіп отыр. Онда отандық жоғары технологиялық өндірісті және микроэлектрониканы  дамыту, қазақстандық Интернет желісін жетілдіру, инфрақұрылым саласындағы білім беруді дамыту секілді мәселелер қамтылған.

ІТ саладағы мәселелерге тоқталған Н. Исин, «бұл бағытта біз ІТ кәсіпорындарды дамытуымыз керек. Сандық экономика мен қоғамның жағдайында егер барлығы шет елдерден жеткізіліп отырса, сондай-ақ біздің барлық инфрақұрылымдарды шетелдік кәсіпорындар басқарса, онда қауіпсіздік түсінігі төмендеп кетеді», деді.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде ІТ қызметтерді көрсету, қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етуді даярлау бағыттарын қарастыру қажет.