Елімізде қалада тұратын халықтың саны өспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 12 жылда Қазақстанда әйелдердің саны ерлерге қарағанда басым болады. Бұл туралы Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Жұмыспен қамту саласындағы ұлттық сарапшы Жақсыбек Күлекеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда қалада тұратын халықтың саны 57 пайызды құраса, 2030 жылы қала халқының үлес салмағы 61 пайызға дейін жетеді.

Бұдан бөлек Ұлттық сарапшы еліміздегі әйелдер мен еркектердің санына қатысты мәліметтермен бөлісті.

«Жалпы елімізде әйел азаматтардың саны басым екенін білеміз. Қарастырып отырған мерзімде де бұл көрсеткіш сақталады. 2030 жылы 1000 әйелге 929 еркектен келеді. Оңтүстік өңірлерде, Маңғыстау облысында әйелдерменен ер азаматтардың саны бір-біріне жақын болса, Алматы қаласы мен Ресеймен шекаралас аймақтарда бұл пропорция төмендеу болады. Осы орайда, 1000 әйелге шаққанда 840-тан, ал Ресеймен шекаралас аймақтарда бұл көрсеткіш 890 азаматтың көлемінде болып қалмақшы», - деп тоқталды Ж. Күлекеев.

Сонымен қатар, ол болжам бойынша 2030 жылы  Қазақстан халқының саны 20 млн 560 мыңнан асуы мүмкін екенін еске салды. 

«Бірақ та халықтың саны одан да жоғары болуы мүмкін. Оған ішкі әрі сыртқы жағдайлар себеп болады. Сыртқы жағдайлар тоқталсақ, ол қазір Ресейде қызу талқыға түсіп жатқан зейнетке шығу жасының ұлғайту мәселесі. Егер бұл мәселеге қатысты оң шешімін қабылданатын болса, біздің елден Ресейге кететін азаматтарды бірсыпыра тоқтатуы мүмкін. Одан кейін халықтың өсуінің қарқынды болуы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қаншалықты қарқынды дамитынымен тығыз байланысты. Егер елімізде экономиканың даму көрсеткіші 7-8 пайыз көлемінде болса, онда еліміздегі халықтың саны 2030 жылға қарай 21 миллионға дейін өсуі мүмкін», - деді Жақсыбек Күлекеев.